Атырау Booked
+10°C

«Самұрық-Қазына» 3 әуежайды «Airport Management Group» ЖШС басқаруына береді

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры екі ай ішінде үш әуежайды «Airport Management Group» ЖШС басқаруына беруді жоспарлап отыр. Бұл туралы Басқарушы компания ҚазАқпарат ресми сауалына жауап бере отырып хабарлады.

«Әуежайлардың «Самұрық-Қазына»  ҰӘҚ»  АҚ (Атырау, Ақтөбе, Павлодар) иелігіндегі акцияларының үш пакетін беру екі ай ішінде жоспарланып отыр (қазан, қараша - ЕСК. агенттіктің). Өскемен, Семей қалалары әуежайларының акцияларын беру 2018 жылға дейін жүзеге асырылады», - делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, «Airport Management Group» ЖШС 2013 жылдың қараша айында құрылған және «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ құрылымында мемлекеттік әуежайлар желісін басқару жөніндегі компания болып табылады. Airport Management Group ұзақ мерзімді жеті жылдық келісімшарт шарттарында швейцариялық «Zurich Airport International AG» компаниясын стратегиялық серіктес ретінде тартты.

Мемлекеттік әуежайларды басқарушы компанияның мақсаты-үздік әлемдік практикаларды, стандарттар мен технологияларды трансферттеу, трафикті арттыру, сервис пен қаржылық жағдайды жақсарту, авиациялық қауіпсіздік пен ұшу қауіпсіздігін басқару жүйесін, ИКАО халықаралық стандарттарына сәйкес сапаны бақылау бағдарламасын әзірлеу және жақсарту, инфрақұрылымды дамыту.

2014 жылғы қыркүйекте Астана, Көкшетау, Петропавл, Қостанай, Шымкент, Қызылорда қалалары әуежайларының мемлекеттік акциялар пакеттері AMG сенімгерлік басқаруға берілді. Басқарушы компанияның портфелінде барлығы 11 әуежайды шоғырландыру көзделіп отыр.