Атырау Booked
+10°C

Атырау облысының Төтенше жагдайлар ардагерлері әлі де сапта

Кеңес үкіметі кезінде өрт сөндірушілер жыл сайын 17 сәуірде өз мекемелерінің құрылған күнін тойлайтын, себебі 1918 жылы 17 сәуір күні жаңа құрылған Кеңес үуіметінің басшысы В.И.Ленин “Өртке қарсы күрес шаралары” деп аталған декретке қол қойған екен. Осы құжаттын арқасында елді мекендерде және аса қауіпті өндіріс орындарында өрт сөндіру бөлімшелері құрылды, мамандарды даярлайын оқу орындары ашылды.

Кезінде өрт сөндіру бөлімшесі Атырау (сол кездегі Гурьев) әуежайында құрылып күні бүгінге дейін ұшақтардың ұшып-қону қауіпсіздігі мен жердегі нысандардың өрт қауіпсіздігін қамтамсыз етіп келеді. Атырау әуежайы қазіргі кезде күніне 1500-ден астам жолаушыларға қызмет көрсетіп, жолаушылардың батыс елдеріне ұшатын қақпасы болып есептелінеді. Осы стратегиялық маңызы бар мекемеде көп жылдан бері мемлекеттік өртке қарсы қызмет ардагерлері Ғабдуллин Зұлхарнай, Каусқалиев Марат, Қажығалиев Ризабек қызмет етіп келеді.

Ғабдуллин Зұлхарнай – мемлекеттік өртке қарсы қызмет полковнигі. 30 жылдан астам мемлекеті қызметінде болып, 1999 жылы ҚР Төтенше жағдайлар агенттігі Атырау облысы Мемлекеттік өртке қарсы қызмет басқармасының бастығы лауазымынан зейнеткерлікке шыққаннан кейін Атырау әуежайында былтырғы жылға дейін өртке қарсы қызметін басқарып, өзінің білімі мен мол тәжірибесін өрт сөндірушілерге үйретуден еш жалыққан емес. Ғабдуллин Зұлхарнай мемлекет қызмет кезінде I, II, III дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен, «IIД ең үздік қызметкері» значогімен, «Өрт кезіндегі ерлігі үшін» медалімен және басқа да мақтау қағаздармен, сыйлықтармен марапатталса, әуежайдағы жұмысы кезінде «Төтенше жағдай ардагері» медалімен, «Желтоқсанға 25 жыл» значогімен, Төтенше жағдайлар министрлігі мен облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Алғыс хаттарына ие болды. Зұлхарнай қазіргі таңда «Атырау халықаралық әуежайы» АҚ-да Төтенше жағдайлар мен Азаматтық қорғаныс жөніндегі инженер болып қызмет етеді. Зулхарнай ағамыздың қызы Ғалия Зұлхарнайқызы әке жолымен мемлекеттік өртке қарсы қызмет саласында жұмыс жасаса, ұлы Қаһарман Зұлхарнайұлы «Атырау халықаралық әуежайы» АҚ-да авиациялық қауіпсіздік қызметінде еңбек етуде.

Каусқалиев Марат – мемлекеттік өртке қарсы қызмет подполковнигі. Макеңнің бұл жұмысқа келуіне де себепші болған – Зұлхарнай аға. Макең сол күнді былайша есіне алады: «Бір күні госпиталда жүргенде Закеңмен (Зұлхарнай ағамен) кездесіп қалдым.

Закең: Марат, жұмыс қалай? Не ауырып қалдың ба? – деп сұрады. Марат зейнеткер болғанын, бірақ жұмыстың реті болмай жүргенін айтты. Закең сонда: - Басқа ойың болмаса, әуежайға кел, маған орынбасар керек,- депті». Сонымен бір айдың ішінде әуежайдың өртке қарсы қызметіне жұмысқа келдім, оған да 4-5 жыл болып қалыпты деп есіне алады. Қазіргі кезде Зұлхарнай ағамыз басқа жұмысқа ауысқаннан бері әуежайдың өртке қарсы қызметінің басшысы қызметін атқарады.

Қажығалиев Ризабек Ынсанбекұлы – мемлкеттік өртке қарсы қызмет полковнигі. Әуежайдағы «ең жас» маман, себебі 2012 жылы «Атырау облысы Өртке қарсы қызмет» мемлкеттік мекемесімен құрметті зейнеткерлікке шығып, «Атырау халықаралық әуежайы» АҚ-на өрт қауіпсіздігі жөніндегі инженер лауазымында жұмысқа кіргеніне көп уақыт өтпесе де, ұжым арасында өз қызметінің кәсіби шебері екенін көрсете білді. I, II, III дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен, «Өртке қарсы үздік мемлекеттік қызметкер» төсбелгісімен марапатталған.

Осы аталған үш азаматтың еңбек жолдарының көп кезеңі Кеңес Одағы және қиын – қыстау тоқырау жылдарында өткенін еске ала отырып, әскери қызметтерінен зейнеткерлікке шықса да, еліміздің алға қарай дамуына әлі де ат салысып келе жатырған төтенше жағдай ардагерлері. Ардагерлерімізді сол өткен кезеңдегі кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасына амандық, несібе толы ырыс тілейміз.

23.12.2015 1480